Өскеменде ШҚО және Абай облыстары имамдарының бірлескен жиыны өтті
2025-10-28 17:09
Өскемен қаласындағы "Әл-Фараби" мешітінде Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының имамдарының бірлескен жұмыс жиыны өтті. Жиынға екі өңірдің бас имамдары Думан Нәдірұлы мен Асқар Мұқанов, сондай-ақ қалалық және аудандық мешіттердің имамдары, өкілдік қызметкерлері, Абай облысы имамдары қатысты.
Басқосу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің тапсырмасымен және бағдарлық баяндамасында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы имамдары ҚМДБ-ның бес бағыты бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндап, әр бөлімнің жауаптылары өз бағыттары бойынша жұмыстарын таныстырды. Сондай-ақ слайдтар көрсетіліп, тәжірибе алмасу нәтижелі өтті.
Жиын барысында ШҚО бас имамы Думан Нәдірұлы сөз сөйлеп, имамдардың ел бірлігі мен рухани тұрақтылықты сақтаудағы жауапкершілігіне тоқталды: «Біздің ортақ мақсатымыз ел ішінде имандылық пен ынтымақты күшейту. ҚМДБ-ның негізгі бағыттары тек есеп үшін емес, қоғамның рухани дамуына нақты үлес қосуы керек. Осындай кездесулер арқылы тәжірибе бөлісіп, жұмысымызды жетілдіреміз», деді Думан Нәдірұлы.
Өз кезегінде Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов жылы қабылдау мен пайдалы кездесуге ризашылығын білдіріп, Думан Нәдірұлына және ұжымға алғыс білдірді.
Сапар аясында Абай келген дін қызметкерлері "Халифа Алтай" мешітіндегі "Ислам мәдениеті" мұражайымен танысты. Сонымен қатар Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов "Халифа Алтай" мешітінде жамағатқа бесін уағызын айтты.
Бұл кездесу екі облыстың дін қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен бауырластықты арттырған маңызды шара болды.
Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай" мешітінің баспасөз қызметі.