Жаңа Ахмер кентінде орналасқан Халық қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде сарбаздардың рухани тәрбиесін нығайту және суицидтің алдын алу мақсатында насихат-тағылымдық кездесу ұйымдастырылды.
Аталған кездесуге Аблакетка кенті мешітінің наиб имамы Досжан Төлегетайұлы қатысып, сарбаздарға адам өмірінің қадір-қасиеті, сабыр мен үміттің маңызы, қиындықтарға қарсы тұруда имандылық пен рухани тұрақтылықтың рөлі туралы кеңінен насихат айтты.
Насихат барысында Ислам дінінде адам өмірінің Алланың аманаты екені, қандай да бір сынаққа тап болған жағдайда жалғыз қалмай, дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығы Құран аяттары мен хадистер негізінде түсіндірілді. Сонымен қатар, әскери қызметтегі тәртіп, жауапкершілік, отансүйгіштік және өзара қолдаудың маңызы ерекше атап өтілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – сарбаздарды теріс ойлар мен зиянды әрекеттерден сақтандыру, өмірге деген оң көзқарас қалыптастыру, рухани иммунитетті күшейту және психологиялық тұрақтылықты арттыру болды.
Іс-шара соңында сарбаздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Кездесу әскери қызметкерлерге рухани серпін беріп, өмірдің мәнін терең түсінуге оң ықпал етті.
Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай"
мешітінің баспасөз қызметі.