Жаңалықтар

Алтай ауданында волейболдан жарыс өтті

2026-04-27 15:14
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында Шығыс Қазақстан облысы мешіттері жамағаттары арасында волейболдан әсерлі де тартысты жарыс өтті. Спорттық іс-шара ҚМДБ-дан жарияланған "Ислам және адал қоғам" жылы аясында ұйымдастырылып, жамағат арасында бірлік пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Жарыстың ұйымдастырушысы Алтай аудандық "Ақтан" мешіті. Аталған додаға аудандық мешіттердің жамағаттары қатысып, өзара бақ сынасты.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне өкілдік тарапынан назар аударып, ауданның бас имамы Мирас Көкебаев шараға келген қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Ол өз сөзінде мұндай жарыстардың жамағат арасындағы ауызбіршілікті нығайтып, жастарды спортқа баулудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, «Ислам тазалық пен тәртіп діні. Спорт денсаулық кепілі. Сондықтан мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табуы тиіс» екенін жеткізді.

Жарыс барысында командалар жоғары дайындықтарын көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлады. Әрбір команда жеңіске деген жігерімен ерекшеленіп, әділ бәсеке өрбіді.

Жарыс қорытындысы бойынша:
І орын – Халифа Алтай мешіті жамағаты
ІІ орын – Тарбағатай жамағаты
ІІІ орын – Үлкен Нарын жамағаты

Жеңімпаздар арнайы марапатталып, алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.

Аталған жарыс жамағат арасында достықты нығайтып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп жоспарлануда.

.Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай" мешітінің баспасөз қызметі.