ҚМДБ-ның ШҚО өкілдігінің ұйтқы болуымен қала, аудан имамдарының жиналысы Өскемен қалалық «Әл-Фараби» мешітінде болып өтті. Басқосуға өкілдікке қарасты қала, аудан имамдары қатысты. Алқалы жиында биылғы 10 айда атқарылған іс-шаралармен алдағы міндеттер талқыланды.
Жиында ШҚО Бас имамы Думан Нәдірұлы: «Облысымыз бойынша діни ахуал тұрақты. Аудандарда өкілдіктің жылдық жоспары аясында іс-шаралар атқарылып жатыр. Ең бастысы уағыз-насихат және діни сауат ашу курстарын жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар жамағаттардың бірлігіне және олардың діни сауаттылығына да барынша маңыз беру дұрыс» дей келе, жат ағымдармен күресу, жастарды түрлі жат әдеттерден сақтандыру шараларына баса мән беруді айтып өтті.
Сонымен қатар бас имам жиналысқа қатысушылармен мешіттердің қысқа дайындығы, мешіттердегі кадр тапшылығы жайлы шараларды талқылады. Алдағы уақытта аудандар бойынша ЖАНТ жұмысын жалғастыру, бес бағыт бойынша атқарылып жатқан шараларды барынша пәрменді ұйымдастыру мәселесін тапсырды.
Сондай-ақ діни қызметкерлерді дайындау, біліктілігін арттыру мақсатында курстар, семинарлар ұйымдастыруда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс ұстанып, кеңесіп шешу ұсынылды.
Сонымен қатар имамдарға жұмыс барысында «ҚМДБ қызметкерлерінің қызметтік әдебін» барынша сақтауды тапсырды.