Таң намазы 4 рәкаттан, яғни, 2 рәкат сүннет, 2 рәкат парыздан тұрады. Екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл - таң намазының уақыты. Екінші таң - таңға қарай шығыс көкжиегінің бозаруы. Бұл уақытпен таң уақыты кіріп, құптан намазының уақыты шығады.
Бесін намазы 10 рәкаттан, яғни, 4 рәкат сүннет, 4 рәкат парыз, 2 рәкат сүннеттен тұрады. Бесін уақыты - күннің көктің ең жоғары тұсынан батысқа қарай ауа бастағанда басталып, барлық нәрсенің көлеңкесі өзінен бір есе ұзаруына дейін жалғасады.
Екінті намазы 4 рәкат парыздан тұрады. Сонымен қатар, екінті намазының сүннет болып бекітілмеген 4 рәкат нәпіл намазын да оқуға болады. Ол екінті намазының парызының алдында оқылады.
Ақшам намазы 3 рәкат парыз, 2 рәкат сүннеттен тұрады. Жалпы саны 5 рәкат. Ақшам намазының уақыты - күннің толық батуымен басталып, шапақтың жоғалуымен аяқталады.
Құптан намазы 10 рәкаттан тұрады, яғни 4 рәкат бекітілмеген сүннет, 4 рәкат парыз және 2 рәкат бекітілген сүннет. Құптан намазының уақыты қызыл шапақтың жоғалған сәтінен екінші таңның атуына дейінгі мезгіл. Екінші таң атқан сәтте құптанның уақыты шығады.
Үтір намазы 3 рәкаттан тұрады. Үтір намазы ақшам намазының парызы сияқты оқылады, айырмашылығы ниетте және үшінші рәкатта Фатиха мен қосымша бір сүре оқылғаннан кейін, құныт дұғасы оқылады. Үтір намазының уақыты - құптан намазынан кейін басталады. Оның соңғы уақыты - екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейін.